Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НАСИХАТ ЖҰМЫСЫНА ҚАЖЕТТІ ҚҰНДЫ ҚҰРАЛ

Төлеби қажы ОСПАН muftyat.kz 17.06.2021 3785 0 пікір
НАСИХАТ ЖҰМЫСЫНА ҚАЖЕТТІ ҚҰНДЫ ҚҰРАЛ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми қабылдауында болған кезде елімізде мұсылман қауымына халқымыздың жүрегіне жақын ихсан ілімін кеңінен насихаттау туралы бастама көтеріп, игі жобаларымен бөліскен еді.

ҚМДБ Төрағасы жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне бағдарламалық баяндамасын жолдап, Діни басқарма 2021 жылы басты жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін мәлімдеді. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.

Жыл басынан бері осы жеті бағыт бойынша жұмыстар жүйелі түрде орындалып, ҚМДБ Аппарат жиналысының ай-сайынғы есепті отырысында атқарылған іс-шаралардың қорытындысы жарияланып келеді. Наурызбай қажы Тағанұлы имамдармен өткен кездесулер мен Аппарат жиналысында ихсан ілімін жамағатқа даналықпен жеткізіп, осы бағытта насихат жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тілге тиек етеді.

Бас мүфти бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттарында елімізде ихсан ілімін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы кітап жазылып жатқанын жариялаған болатын. Алты ай бойы жасалған еңбектің нәтижесінде «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап жарық көрді. Бұрнағы күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында аталған еңбектің танытымы өтіп, зиялы қауым өкілдері мен тарихшы-ғалымдар тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Кітап – білімнің бұлағы. Кітапты ашып, құнды әрі ғибаратты мысал келтіріп, халыққа дәріс оқу немесе насихат айту – Ислам ғұламалары арасында бағзы заманнан қалыптасып, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Біз имам болғандықтан күнделікті жұмысымыздың бір бағыты – халыққа насихат айту, сұрақтарына жауап беру, түйіндеп айтқанда, мұсылман қауымының рухани сұранысын қанағаттандыру.

Насихат айту – күнделікті ізденісті, білім алуды талап ететін сала. Уағыз айтушы имам ізденген сайын оның насихаты да әсерлі әрі өтімді шығады. Бұл ретте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаптың дер кезінде жарық көруі игі істің бірі болды деп айтар едік. Бұл кітап насихат жұмысына қажетті құнды құрал болады деген сенімдеміз. Өйткені, еңбекте қамтылған ықылас, ниет, Жаратушы Аллаға, Құранға, пайғамбарларға деген махаббат, үміт пен үрей, нәпсімен күресудің жолдары, нәпсіні шынықтыру (риязат), нәпсінің дәрежелері, ерік-жігер, тазалық, ыждаһат, оқшаулану, зүһд, истиқамат, тиянақты болу, жүректі тазарту жолдары, тақуалық, жүрек дерттері, риякерлік сынды тақырыптар кез келген мұсылман баласын ойландырмай қоймайды. Бұл – мән беріп, оның маңызын түсініп әрі оған амал етуіміз тиіс тақырыптар.

Ихсан – жүрекпен тікелей байланысты тақырып. Сау жүрек, яғни жаман әдеттен арылған жүрек кез келген пендені жұмаққа жетелейді. Алла Тағала Құранда: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Аланың құзырына қалбун салиммен, яғни (рухани кеселдерден арылып) сау жүрекпен келген жан ғана азаптан құтылып, мұратына жетеді» («Шұғара» сүресі, 88-89-аятар) деп ескерткен. Біз бұл аяттан сау жүрекпен ғана Аллаға жақындап, жақсылыққа кенелетінімізді анық ағарамыз.

Ислам ғұламаларының бірі, әйгілі имам Ғазали ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір күні Жаратушы Алла рақым самалын жіберіп отырады. Соған дайын болыңдар» деген хадисіне түсініктеме бере келе, былай деген: «Дайындық – нәпсіні тәрбиелеп, жүректі түрлі кеселдер мен күнәдан тазартумен жүзеге асады». Біз бұл жерде Алланың рақымы сау жүрекке, яғни күнәдан арылған жүрекке келетінін түсінеміз.

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында күнә, ғапылдық, дүниеге махаббат сынды дерттерден арылудың жолдары жазылған. Олар – шынайы тәубе ету, құлшылыққа берік болу, салиқалы және шыншыл жандармен бірге болу, Құран оқуды әдетке айналдыру, Алланы көп еске алу, зекет-садақа беру арқылы адамдарға жақсылық жасау, дұға ету, т.б.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Күнәсына тәубе еткен адам, мүлде күнә жасамаған адам тәрізді» деген. Адам баласы тіршілік пен құлшылықтың арасында қате-кемшілікке жол беріп қоюы мүмкін. Мұндайда Алланы еске алып, шынайы тәубе ету және оны қайталамауға Құдай алдында және өзінің ары алдында уәде беру – су бір нәрсені кірден тазартқандай, тәубе адамның білместікпен жасаған қате-кемшілігін күнәдан тазартады.

Жақсы, ізгі адамдармен бірге болудың да өзіндік хикметі бар. Лұқман Хәкім (оған Алланың сәлемі болсын) ұлына: «Балам! Ғалым адамдармен бірге бол және олардың сұхбатынан қалмауға тырыс! Өйткені, Алла Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді» деген екен.

Алла Тағала баршамызға сау жүрек нәсіп етіп, Раббымыздың рақымына бөленуді нәсіп еткей. Әмин!     

 

Төлеби қажы ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру